Баспасөз релиздері

Қазақстанның Ұлыбританиямен сауда көлемі 63,3 %-ға артты

Қазақстанның Ұлыбританиямен сауда көлемі 63,3 %-ға артты

ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда көлемі 63,3%-ға ұлғайып, 2,3 млрд фунт стерлингті құрады (шамамен 2,6 млрд долларға жуық – ред.), деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Ұлыбританияның халықаралық сауда министрлігінің деректеріне сілтеме жасап.

«Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы тауарлар мен қызметтер саудасының жалпы көлемі 2021 жылғы шілдеден 2022 жылғы маусымға дейін 2,3 млрд фунт стерлингті құрады. Бұл 2020 жылғы шілдеден 2021 жылғы маусымға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 63,3%-ға немесе 896 млн фунт стерлингке көп», - деп хабарлады британдық халықаралық сауда министрлігі.

Екіжақты сауданың негізгі өсімі Қазақстаннан Ұлыбританияға шығарылған экспортқа тиесілі. Бір жыл ішінде біздің елден британдық юрисдикцияларға 1,5 миллиард фунт стерлинг сомасына тауарлар жөнелтіліп, қызметтер көрсетілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 135,9%-ға артық. Осы уақыт ішінде Ұлыбританиядан Қазақстанға әкелінген импорт көлемі 781 млн фунт стерлингті құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштерден 1,8%-ға ғана көп.

Биыл Қазақстан Ұлыбританияның сауда серіктестерінің саны бойынша 62-ші орында. Ұлыбританиядан Қазақстанға негізінен ұшақтар, өнеркәсіп жабдықтары, ғылыми аспаптар, дәрілік және фармацевтикалық препараттар жеткізіледі. Британдықтар қазақстандық серіктестерінен бағалы және түсті металдарды, шикі мұнайды, химикаттар мен өнеркәсіптік жабдықтарды сатып алады.

Тимур Дүйсекеев

Дереккөз: inform.kz

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге