KAZAKH INVEST, Amandus Kahl және Astana Agro Солтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешен салу жөнінде меморандумға қол қойды
Астанада «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек жетекші неміс технологиялық жабдық өндірушісі Amandus Kahl GmbH & Co. KG және қазақстандық ауыл шаруашылығы кәсіпорны «Өндірістік компания «Астана Агро» ЖШС өкілдерімен кездесу өткізді.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы агроөнеркәсіптік саладағы бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру барысын талқылау болды. Жоба жылына 100 мың тоннаға дейін түйіршіктелген жоңышқа өндіретін зауыт салуды, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында 5 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын іске қосуды көздейді.
Жобаның жеке бағыты ретінде Қазақстанда Amandus Kahl жабдықтарын өндірудің жекелеген кезеңдерін жергіліктендіру жоспарлануда, оған құрастыру, сынақтан өткізу және өңірлік жағдайларға бейімдеу кіреді. Жобаның іске асырылуы Қытай мен Парсы шығанағы елдеріне өнім экспорттауға бағытталады, бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін нығайтудағы стратегиялық маңызын айқындайды. Жалпы инвестиция көлемі 20 млн АҚШ долларына бағаланып отыр.
Кездесу барысында Мадияр Сұлтанбек жоба Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен экспортқа бағытталған мал шаруашылығын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бастаманы іске асыру Солтүстік Қазақстан облысының әлеуетін тиімдірек пайдалануға және жергілікті фермерлер үшін тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны бірлесіп жүзеге асыруға ниеттерін бекітетін үшжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. KAZAKH INVEST жобаның барлық кезеңінде кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, бірыңғай үйлестіруші ретінде әрекет ететін болады.