Медиа орталық

Солтүстік Қазақстан облысы

Қазақстандық инвестор СҚО-да электротехникалық зауыт салмақ

 Қазақстандық инвестор СҚО-да электротехникалық зауыт салмақ

«Alageum Electric» Солтүстік Қазақстан облысында электротехникалық жабдықтар шығаратын зауытты іске қосады. Кәсіпорын өз жұмысын келесі жылы бастауды жоспарлап отыр. Жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.

Бүгінгі күні бұрынғы Петропавл шағын литражды қозғалтқыштар зауытын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, жыл сайын аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын жаңа кәсіпорында 13 мың электр техникалық жабдық дайындау жоспарлануда. Жалпы құны 7 млрд теңге болатын жоба 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

«Петропавлдағы зауыт ТМД-дағы ең заманауи және технологиялық зауыттардың бірі болады. Жабдық Еуропадан әкелінетін болады. Биылғы жылы негізгі міндет – құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау, қысқы кезеңде ішкі әрлеуді бастау, келесі жылдың басында технологиялық жабдықтың шеф-монтаж жұмыстарын бастау және 2021 жылдың 3 тоқсанында зауытты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Біз инвесторлар ретінде СҚО әкімдігі мен KAZAKH INVEST тарапынан жақсы қолдау аламыз», - деді «Alageum Electric» АҚ Бизнесті дамыту жөніндегі директоры Сұлтан Ілиясов.

Инвестордың айтуынша, жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, зауыт құрылысы өңірлік бюджет кірістерін ұлғайта отырып, аумақтың экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді.

«Жоба «Qyzyljar» АЭА аумағында жүзеге асырылады. Оған қатысу бірқатар преференцияларды, оның ішінде шикізат пен жабдықты әкелу кезінде салық төлеуден, кедендік баж салығынан босатуды көздейді, сондай-ақ коммуналдық қызметтерге арналған арнайы тарифтер өндірістің тиімділігін арттырады», - деп атап өтті KAZAKH INVEST СҚО бойынша өңірлік директоры Данияр Шалабаев.

Мұндай өндіріс Солтүстік Қазақстан облысында алғашында ашылмақ. Мамандардың айтуынша, электротехникалық өнімдер ТМД нарығында аса үлкен сұранысқа ие. Бұл жоба Қазақстан нарығындағы импорттық тауар үлесін азайтып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді – өнімнің 95%-ын экспорттау жоспарлануда.

«Alageum Electric» - Қазақстанның ірі электротехникалық компаниясы, электр энергетикасы, электр машина жасау және құрылыс саласында табысты жұмыс істейтін 30-дан астам ірі кәсіпорындар мен зауыттарды қамтиды. Кәсіпорындардың қатарында – «Кентау трансформатор зауыты» (Кентау қаласы) және кез-келген қиындықтағы электр монтаждау жұмыстарын орындайтын, айтарлықтай тәжірибесі бар және 10 мамандандырылған монтаждау басқармасы бар «Электромонтаж бұйымдары зауыты» АҚ мамандандырылған компаниясы – Қазақстандағы кабельдік трассалар жүйесін өндіретін жалғыз кәсіпорын.

 

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге